Қосымша білім беру
Қосымша білім беру Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 37-бабында бекітіледі. Қосымша білім беру:
1. Балаларға қосымша білім беру білім беру ұйымдарында және түрлерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын мектептен тыс ұйымдарда жүзеге асырылады.
2. Ересектерге (он сегіз жасқа толған адамдарға) білім беру қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сәйкес білім мен дағдылардың қосымша көлемін алу үшін олардың өмір бойы білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.
3. Ересектердің білім мен дағдылардың қосымша көлемін алуы қосымша және бейресми білім беру арқылы жүзеге асырылады.
Ересектерге қосымша білім беруді білім беру ұйымдары, сондай-ақ қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар жүзеге асырады.
Ересектерге бейресми білім беруді оқудың орны, мерзімдері мен нысаны есепке алынбай көрсетілетін білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдар жүзеге асырады және оқу нәтижелерін растайтын құжат берумен бірге жүреді.
Ересектердің өмір бойы бейресми білім беру арқылы алған оқу нәтижелері осы Заңда көзделген тәртіпке сәйкес танылады және одан әрі жұмысқа орналасуға ықпал етеді.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. 30-бап. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту
1-сыныпқа қабылданғанға дейін балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеу отбасында немесе бiр жастан бастап 1-сыныпқа қабылданғанға дейін мектепке дейiнгi ұйымдарда жүзеге асырылады.
2. Мектепке дейiнгi оқыту балаларды мектепте оқытуға мектеп алды даярлық түрiнде бес жастан бастап жүзеге асырылады.
Мектеп алды даярлық мiндеттi және отбасында, мектепке дейiнгi ұйымдарда, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, лицейлердiң және гимназиялардың мектеп алды сыныптарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарындағы мектеп алды даярлық тегiн болып табылады.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. 30-бап. Орта білім
Орта білім - азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген, білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруі нәтижесінде алатын білімі. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. 1бап, 49 т.