Талапкерлер үшін
Құрметті талапкерлер мен ата-аналар!
Өзінің болашақ кәсіби өмірінің сәттілігі үшін оқу орнын және өзінің болашақ мамандығын таңдауда қателеспеу өте маңызды.
«Аккредиттеудің тәуелсіз Қазақстандық орталығы» коммерциялық емес мекемесі (бұдан әрі - Орталық) институционалдық, мамандандырылған аккредиттеу рәсімдерін және рейтингтік зерттеу жүргізу арқылы ұлттық және халықаралық деңгейлерде Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекеттік емес коммерциялық емес мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, заңды тұлға мәртебесіндегі ұйым болып табылады.
ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес институционалдық және мамандандырылған (бағдарламалық) аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындары ғана кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс ала алады. Сондықтан жоғары оқу орнын, білім беру бағдарламасын таңдаған кезде және, әрине, мемлекеттік грантқа үміттене отырып, Сіз өзіңіз таңдаған жоғары оқу орны мен білім беру бағдарламасының аккредиттеу агенттігі таныған аккредиттеуден өткендігіне көз жеткізуіңіз керек.
Аккредиттеу және ЖОО/білім беру бағдарламасы рейтингі туралы нақты ақпаратқа ие бола отырып, Сіз стейкхолдерлер тарапынан сенім дәрежесін және іске асырылатын білім беру бағдарламаларының тиімділігін анықтай аласыз.
Талапкерлер мен ата-аналарға арналған кеңестер
Оқуға түсу үшін таңдағыңыз келетін жоғары оқу орындарының немесе колледждердің білім беру бағдарламасының аккредиттелгенін тексеріңіз (ЖОО сайтында, АТҚО немесе басқа агенттіктердің (БСҚТА, АРТА) сайтында «Тізілім» бөлімінде, ал ең дұрысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының сайтында Аккредиттелген білім беру бағдарламаларының республикалық тізілімінен қараңыз). Бұл ретте Сіз академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша кедергісіз оқу, оқуды жалғастыру үшін шетелдік жоғары оқу орындарына түсу, сондай-ақ оқуды аяқтағаннан кейін және диплом алғаннан кейін Қазақстанда да, шетелде де жұмысқа орналаса алуыңыз үшін жоғары оқу орны немесе бағдарлама Сіздің оқуыңыздың бүкіл мерзіміне аккредиттелуі тиіс екенін білуіңіз қажет.
Сізді қызықтырған білім беру бағдарламасын аккредиттеуді жүргізген аккредиттеу агенттігінің Танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы) кіретінін, сондай-ақ Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі агенттіктердің Еуропалық EQAR тізіліміне енгізілгенін тексеру қажет. Бұл өте маңызды, өйткені осы тізілімдерге енген агенттіктердің аккредиттеуі ғана халықаралық аккредиттеу мәртебесіне ие және жоғары білімнің еуропалық кеңістігінде танылады.
Сіз таңдаған білім беру бағдарламасының Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының маңызды рейтингтерінде қандай орын алатынын біліңіз (БСҚТА, АРТА, «Атамекен» ҰКП). Бұл бағдарламаның беделін анықтауға көмектеседі.
Білім беру бағдарламасының мазмұнымен, оның мақсаттарымен танысыңыз, онда Сізге қызықты болуы мүмкін пәндердің бар-жоғын біліңіз.
Сіз таңдаған оқу орнының білім беру бағдарламасы қандай білім, дағды және құзыреттілікті ұсынатынын қараңыз, ата-анаңызбен бірге басқа оқу орындары ұсынатын ұқсас білім беру бағдарламаларымен салыстырыңыз.
ЖОО-ның сайтында білім беру бағдарламасының профессорлық-оқытушылық құрамы туралы, олардың маңызды жетістіктері туралы ақпаратпен танысыңыз.
Сабақтар қай тілде жүргізілетінін, білім беру бағдарламасын меңгеру үшін ағылшын тілін білудің қандай деңгейі қажет болатынын анықтаңыз.
Сізді қызықтырған білім беру ұйымы қандай шетелдік оқу орындарымен ынтымақтасатынын және академиялық ұтқырлық пен студенттермен алмасу үшін қандай мүмкіндіктер ұсынатынын анықтаңыз.
Internet желісінде және оқу орнының сайтында өзіңіз таңдаған ЖОО және білім беру бағдарламасы туралы түлектердің ойлары мен пікірлерін қарап шығыңыз, жұмысқа орналасу көрсеткіштері қандай, түлектер қайда жұмысқа орналасып жатыр.
Толық ақпарат алу үшін Сіз және Сіздің ата-анаңыз +7(7172) 24-97-47 телефон нөмірі арқылы хабарласа аласыз немесе бізге info@nkca.kz электрондық пошта мекенжайына хат жаза аласыз.